Қыз ұзату

Қыз ұзату — үлкен той-думан әрі қызық болғанымен, бұл күні ата-ана қуанады, әрі жылайды. Қуанатыны — «қызым өсті, өрісім кеңейді» дейді, жылайтыны — қимастық көңілі, бағып-қаққан перзентінің жатжұрттық боп кете баратыны…
Ұзатылып бара жатқан қыздың «сыңсуы», «қоштасуы» — ұлттық тәрбие мектебінің тамаша үлгісі. Алтын ұяны, туған ел-жұрттан бөліну, жат босаға аттау оңай іс емес.
Осының бәрін тәжірибелі де тәрбиелі халық жылай жүріп ән, жыр түрінде шеберлікпен үйлестіріп жасай білген. Қыз жылап қоштасқанымен, бұл қайғы емес, қимастықтың белгісі.

Сыңсу
Халқымызда тұрмыс-салт жырларының ең көп тарағандарының бірі — сыңсу.
Ұзатылған қыз өз босағасынан аттанар алдында ағайын-туғандарын аралап, «сыңсу» айтып қоштасады. Бұл сәтте оның жанында жеңгелері жүреді. Ол өзінің балалық дәуренінің, бұлғақтап өскен бақытты күндерінің өткендігін, аяулы ата-анасының, туысқандарының өзін мәпелеп өсірудегі еңбегін өлеңмен айта жүріп өксиді.
Қыздың сыңсуы жарасымды әрі тәрбиелік мәні бар салтанатты салт.